Мереке

Ардагерлерге құрмет

Халықаралық қарттар күніне байланысты облыс орталығындағы «Думаш» мейрамханасында бір топ еңбек ардагерлеріне құрмет көрсетілді.

Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Шаңғұтов аға буын өкілдеріне жасалып отырған қамқорлық, осы ауқымда жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы қысқаша айта келіп, үлкендердің қазіргі жағдайға сәйкес шағын мөлшерде шақырылып отырғанын еске салды.

Салтанатты басқосуда облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова, Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров құттықтау сөз сөйлеп, егеменді еліміздің Тәуелсіздігінің 30 жылдығы тұсында аталып отырған бұл мерекенің маңыздылығына тоқталды, алдыңғы толқын — ата-әжелеріміздің талай қиындықты бастан кеше жүріп, қажымай-талмай атқарған еңбектерін жоғары бағалады, олардың облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлестері ерекше екенін атап көрсетті.

Еңбек ардагерлері Кеңес Бірманов, Қуандық Әлішев, Аманкелді Айталы, Константин Цхай, Павел Хохлов, Қажымұқан Сәтенов және басқалары өздері бастан өткерген өмір белестеріне тоқталып, жас ұрпақ тәрбиесі мен бүгінгі күннің өзекті мәселелеріне қатысты ойларын ортаға салды, ұсыныс-пікірлерін айтты.

Жиынға қатысқан ардагерлерге облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттеріне 2022 жылға тегін жазылу сертификаты ұсынылды.

Облыстық филармонияның өнерпаздары басқосуды ән мен күйге бөледі.

Н.ӘБДІЛДАҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button